Алматы облысының үздік тауары анықталды

962

Алматы облысының үздік тауары анықталды

"Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС, "Лепсі өнімдері" ЖШС және "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС "Қазақстанның үздік тауары" республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жүлдегерлері атанып, 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұл туралы Талдықорғанда өткен Алматы облысы тауар өндірушілерінің форумында белгілі болды. Форумға қатысушыларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Форум барысында І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы фойесінде облыстың әр қиырында өндірілген түрлі өнеркәсіп тауарларынан көрме ұйымдастырылды.

Көрмені аралаған облыс әкімі А. Баталов форумның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі өндіріс саласының, бизнестің дамуы жайлы баяндады. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына да тоқталып өтті.

"Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілердің алдына өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай шығару туралы зор міндеттер қойды. Басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту туралы талап қойылуда. Сонымен қатар 2050 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге арттыру жүктеліп отыр. Облысымыздағы кәсіпорындардың әлеуеті зор. Ең бастысы, мақсатты жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған. "Қазақстанның үздік тауары" аймақтық көрме-конкурсының барлық қатысушыларын құттықтап, республикалық байқауда жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспін", - деген А. Баталов мұнан кейін жеңімпаздарды марапаттау рәсімін атқарды.

Жалпы жүлдегерлер 4 аталым бойынша марапатталды, олардың әрқайсысында 3 жүлделі орын белгіленген. Мәселен, "Өндірістік бағыттағы үздік тауар" номинациясында I орынды "Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС, "Үздік азық-түлік тауары" номинациясында "Лепсі өнімдері" ЖШС, "Халыққа арналған үздік тауар" аталымында "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС үздік деп танылса, қызмет көрсетуші үздік мекеме ретінде "Жетісу жауһарлары" ЖШС аталды.

2-ші және 3-ші орындарға ие болған кәсіпорындар ішінде азық-түлік, құрылыс материалдарын шығаратын, киім тігетін және басқа да өнімдер өндіретін нысандар бар. Жеңімпаздарға 100 және 150 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Бірқатар кәсіпкерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу