2025 жылдың 15 желтоқсанынан бастап тальго №105/106 "Алматы – Петропавл" пойызының қозғалыс кестесі жаңартылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, енді аталған бағыт бойынша пойыз күнара қатынайды. Бұған дейін маршрут төрт күнде бір рет жүретін. Жиіліктің артуы оңтүстік пен солтүстік өңірлер арасындағы көлік қолжетімділігін күшейтіп, қысқы маусымда жолаушылар үшін жол жүруді едәуір қолайлы етеді.
Бұл бағыт бойынша заманауи тальго вагондары пайдаланылады. Олар сапардың қауіпсіздігін және жол үстіндегі жайлылықты толық қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бейімделген орындар бөлінген, билет құнына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
– Билеттер bilet.railways.kz ресми сайтында және барлық теміржол вокзалдарының билет кассаларында қолжетімді. Қосымша ақпарат алу үшін 1433 нөміріне тегін қоңырау шалуға болады. Пойыздардың нақты келу және жөнелту уақыты туралы ақпаратты сайтындағы онлайн-табло арқылы қарауға болады, – делінген хабарламада.