Алматы саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енді

223

CNN Travel нұсқасы бойынша Алматы 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енді.

Алматы саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енді Фото: canva.com

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"CNN Travel 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық 25 бағыттың тізімін жариялап, Қазақстанды ерекше мәртебеге лайық деп таныды", – деп жазылған хабарламада.

Атап айтқанда, Алматы қаласы саяхаттауға тиіс ең үздік бағыттардың қатарына енді. Қала кең табиғи ландшафттар мен дамып келе жатқан урбанистік мәдениетті біріктіретін ерекше атмосферасының нәтижесінде Орталық Азияның "жаңа стиль астанасы" деп аталды.

CNN Travel атап өткендей, Алматы – дәмі тіл үйіретін тағамдардан бастап, түнгі өмір, заманауи өнер мен мәдениеті өркендеп келе жатқан әлемдегі сирек қалалардың бірі.

Сонымен қатар, Тянь-Шань тауларының етегінде орналасуы саяхатшыларға табиғаттың таза сұлулығына оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қаланың басты көрікті жерлеріне метрополитен станциялары, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен 2025 жылы жаңа ғимаратқа көшетін "Целинный" заманауи мәдениет орталығы жатады.

Сондай-ақ, Алматы Neo Nomad асханасының отаны болып саналады. CNN Travel Медеу аңғарындағы AUYL мейрамханасын ерекше ұсынып, гастрономиялық саяхатты дәл осы жерден бастауға кеңес береді.

Редакторлар Алматыға жету бұрынғыдан да оңай бола түскенін атап өткен. Қала Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерімен тікелей әуе рейстерімен байланысады. Қазақстан көптеген ел, соның ішінде АҚШ, Канада, Аустралия және Ұлыбритания азаматтары үшін визасыз режим ұсынады.

Алматы өзінің бірегей мәдениеті, табиғи байлығы және заманауи ерекшеліктерімен Орталық Азияның жетекші туристік орталығы мәртебесін нығайта түсуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу