Алматы соңғы 10 жылда ретсіз өсті – Тоқаев

428

Мегополиске жұмыс сапарымен барған Тоқаев Алматының экология мәселесі мен өрт қауіпсіздігін сынға алды.

Алматы соңғы 10 жылда ретсіз өсті – Тоқаев

Алматыдағы Қарғалы су жинақтау нысаны биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға берілсін. Ел президенті Үкімет пен Досаев басқарып отырған әкімдікке осындай тапсырма берді. Осыған қарағанда 50 тұрғын үй мен 4 мыңнан жеке тұрғын үйдің сусыз қалғаны Мемлекет басшысына дейін жеткен сыңайлы.

Тоқаев келеді деп әлі де құрылысы бітпеген әкімдік ғимаратын кеше мұнтаздай етіп жуғанымен президент үшін ғимараттан гөрі, селден қорғайтын бөгет маңызды болды. Өйткені, әлемде ауа температурасы жоғарылап жатыр. Бұл бізге де бас ауыртар мәселе. Соңғы 60 жылда Қазақстан тауларындағы мұздықтар 40 пайызға азайған. Демек, бұл мореналық көлдердің көбеюіне алып келеді. Мәселен, еліміз бойынша 970 мореналық көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жоғары. Осы ретте Алматы тауында 2 ай бұрынға ғана "Аюсай" бөгеті салынған болатын. 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық нысанды табиғи апаттан қорғайтын бұл бөгет аздық ететін сыңайлы. 

"Тағы бір бөгеттің құрылысына қатысты сұрақтар пысықталып жатыр. Онда жаңа технологиялар енгізіледі. Яғни, адамның қатысуынсыз көлдердің өзгеріп жатқанын қашықтан бақылаймыз", - деді Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Сарапшылар сөзінше, бөгет пен датчиктер ғана елді селден қорғай алмайды екен. Оған қоса, 30 жыл ұйымдастырылмаған геологиялық барлау жұмыстарын қолға алу керек дейді, мамандар.

"Онда гидрогеология институты жұмыс істеу керек. Біздің мұздықтар туралы толық зерттеу керек. Яғни, мұздықтар қашанға дейін жетеді? Қанша мұздық еріді деген нақтты зерттеу қажет. Оның үстіне, қаншалықты зиян келтіру мүмкін?" - дейді эколог Тимур Елесізов.   

Министрлердің Алматыға келгенде шабыты ашылады ма дерсің. Өйткені, бірінен кейін бірі Тоқаевтың алдында баяндама жасады. Келесі кезек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевта. Айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап, 1,4 мың бала тегін тамақтанады және балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға артады.

"154 мектеп қолданысқа беріледі. Оның ішінде, 62 мектепке жемқорлық қорынан қаржы бөлініп отыр. Соның 46-сы биыл іске қосылатын болады. Сонымен қатар күрделі жөндеуден 194 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 1 қыркүйекте беріледі", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ, президент өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Әрине, оның барлығы жақында ғана "Ақкент" ықшамауданында болған оқиғадан кейін. Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу