Алматының Бостандық ауданындағы Аюсай шатқалында Үлкен Алматы шыңынан түсіп келе жатқан үш жасөспірім бағытынан адасып, өздігінен төмен түсе алмай қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олармен байланыс сақталып, орналасқан жері геолокация арқылы анықталған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің "Республикалық жедел-құтқару жасағы "Барыс" қызметкерлері жұмылдырылды.
Құтқарушылар Космостанциядан жасөспірімдердің геолокациясы көрсетілген бағытқа жаяу шығып, оларды Аюсай шатқалынан тапқан.
Үш жасөспірімге медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар оларды тау жолымен Космостанцияға дейін алып түсіп, қауіпсіз жерге жеткізді. Кейін жасөспірімдер аман-есен туыстарына тапсырылды.
ТЖМ тауға шығар алдында маршруттың күрделілігін ескеріп, өз мүмкіндіктерін объективті бағалауды, толық қуатталған ұялы телефон мен жеткілікті мөлшерде су алып жүруді және жоспарланған маршрут туралы жақындарына алдын ала хабарлауды ескертеді.
Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласу қажет.