Алматы қаласының құтқарушылары тауда қалып қойған екі жасөспірімді аман-есен эвакуациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға Күмбел шыңында болған. Кеше кешке Төтенше жағдайлар департаментіне 3200 метрден астам биіктікте жүрген 2009 жылы туған екі жасөспірімнің өздігінен төмен түсе алмай қалғаны туралы хабарлама түскен.
Жасөспірімдермен байланыс болмағандықтан, олардың нақты орналасқан жерін анықтау мүмкін болмады. Осыған байланысты Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті.
Таулы аймақтың күрделі бедері мен қараңғы уақытқа қарамастан, құтқару операциясы сәтті аяқталды. Бүгін таңертең құтқарушылар жасөспірімдерді экобекетке жеткізіп, ата-аналарына тапсырды.
Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.