Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, таулы аймақтарда қар жамылғысы тұрақсыз, қардың қалың болуына байланысты тау беткейлерінде көшкін жүру қаупі бар, деп жазады inbusiness.kz.
"Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, "Қазгидромет" РМК-ның 2023 жылғы 04 қаңтардағы №1 дауылды ескертуінің негізінде Алматы тауларында (үлкен және Кіші Алматы өзендерінің алқаптарында) жауын-шашынның түсуіне және қардың қалың болуына байланысты көшкін жүруі мүмкін", – деп ескертті ТЖД.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үлкен Алматы көлі мен Шымбұлаққа жолдар мен түрлі бағыттар жабылды. Блок бекеттер орнатылды.
"Медеу" өткізу пункттерінде, Алмарасан шатқалында және "Шымбұлақ" ТШК профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды, онда келушілерге билеттерді сату кезінде "қар көшкіні кезіндегі іс-қимылдар" тақырыбында жадынамалары тапсырылуда.
Осыған байланысты, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті және Қазселденқорғау таулы жерлерге бармауға, қарлы беткейлер мен шаңғы курорттарындағы қоршаулардың шегінен шықпауға шақырады.
"Жалпы, Алматы өңірі бойынша 165 көшкін қаупі жоғары учаскелер бар. Олардың ішінде қала тұрғындары мен туристері үшін ең үлкен қауіп "Медеу", "Шымбұлақ" ТШК және Үлкен Алматы көлі ауданында орналасқан көшкін қаупі бар 18 учаске", – деп хабарлады ТЖД.