Алматы тауларында студент қыздың үстіне тас құлап, көз жұмды

302

Қыздың денесі гидравликалық құрылғының көмегімен таудан шығарылған.

Алматы тауларында студент қыздың үстіне тас құлап, көз жұмды Фото: Visit Almaty

4 мамыр күні Күйгенсай (Горельник) шатқалына шыққан студентті серуен кезінде тас басып қалды. Ол ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“ТЖМ-нің Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына оқиға куәгерлерінен хабарлама түскен. Биіктігі теңіз деңгейінен 2,5 мың метр жерде, “Горельник” шатқалындағы сарқырама маңында тауға серуендеп бара жатқан қызды тас басып қалған. Куәгерлер қызды өз беттерінше шығара алмаған”, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға орнында ұялы байланыс болмаған. Қайғылы жағдай туралы куәгерлер тек таудан төмен түскеннен кейін хабар берген.

"Оқиға орнына шұғыл Республикалық жедел-құтқару жасағының 18 құтқарушысы, 109 құтқару қызметінің қызметкерлері, апаттық медицина орталығының медициналық бригадасы және екі кинологиялық топ жіберілді. Қыздың денесі гидравликалық құрылғының көмегімен шығарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды",  деп мәлімдеді ТЖМ.

Министрлік сондай-ақ қайғылы оқиғаға дейін өңірде дауыл туралы ескерту жарияланғанын еске салды.

"Таулы аймаққа туристердің көп шығуына байланысты ТЖМ құтқарушылары табиғатқа шығарда дауылды ескертулерді ескеріп, жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді",  деп ескертті ведомство.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу