Алматы облыстық ТЖД "ҚазӘуеҚұтқару" мекемесіне қарасты тікұшақ Апаттар медицинасы орталығының мамандарымен және "Барыс" республикалық шұғыл құтқару жасағының құтқарушыларымен бірге теңіз деңгейінен 4300 метрге жуық биіктікте орналасқан Северцов мұздығынан мәйітті төмен түсіру үшін ұшып шыққанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаза кеткен жөн, адам сүйектерін Беларусьтан келген туристер Северцов мұздығынан тапқан еді. Мәйіттің жанында ескі сөмке мен туристік құрал-жабдықтар болған. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып алматылық белсенді Анастасия Ахметова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
– Мәйітті мұздықтан түсіріп, марқұмның жеке басын анықтау керек. Әрі сүйегін туыстарына тапсырған жөн. Қажет болса, ДНҚ сараптамасын да жасау керек, – деді ол.
Құтқарушылар теңіз деңгейінен шамамен 4300 метр биіктікте жатқан сүйектерді төменге түсіру жұмыстарын жүргізбек.
Құтқару операциясы мұздықтың қолжетімсіздігіне, күрделі таулы жер бедеріне, тік жартастар мен биік таудағы қолайсыз күн райына байланысты қиындап отыр.
Сүйектер төменге түсірілгеннен соң Алматы облысының полиция департаментіне тапсырылады. Полиция марқұмның кім екенін және өлімінің мән-жайын анықтайды.