Алматы Ұлы Жібек жолының тарихи бағытымен өтіп жатқан The Marco Polo Project халықаралық экспедициясының Қазақстандағы соңғы аялдамасы болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Римнен Гонконгқа дейінгі бағытты қамтитын электромобильдермен ұйымдастырылған автосапар 12 ел аумағын басып өтіп, шамамен 15 мың шақырымды еңсеруді көздейді.
Экспедиция құрамында ғалымдар, инвесторлар және тұрақты даму саласының сарапшылары бар. Алматыда делегация мүшелеріне қаланың туристік, табиғи және мәдени әлеуетін таныстыратын арнайы бағдарлама ұсынылды.
Қатысушылар "Шымбұлақ" тау курорты, "Горельник" визит орталығы және Almaty Museum of Arts музейін аралап, қазақтың дәстүрлі бүркітшілік өнерімен танысты.
Қазақстандағы сапарын аяқтаған экспедиция Қытайға, Гонконг бағытына қарай жол тартады. Жоба барысында жиналған материалдар кейін халықаралық алаңдарда таныстырылады.