Алматы тұрғындарына қол көтерген шетелдік жасөспірімдер елден шығарылады

97

Олар Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты.

Алматы тұрғындарына қол көтерген шетелдік жасөспірімдер елден шығарылады Фото: Бейнежазбадан

Алматыда полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлық көрсету фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, тексеру жүргізуге әлеуметтік желілерде тараған видеолар себеп болған. Онда бір топ жасөспірімнің қала тұрғындарына агрессивті әрі әдепсіз әрекет жасаған сәті түсіп қалған.

Бұл деректер бойынша Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тексеру іс-шараларын жүргізді. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың кім екенін анықтап, аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізді. Олар Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты. 

– Жасөспірімдер Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар бұл тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы шеңберінде ел аумағынан шығару шаралары қабылданады. 

– Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр. Қорытындысы бойынша жасөспірімдердің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу