Алматы тұрғыны туыстарының үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған

Жедел тергеу тобының тінтуі кезінде оның сөмкесінен салмағы 1,5 келіге жуық “мефедрон” есірткісі табылды. 

Алматы тұрғыны туыстарының үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған Фото: freepik

Алматы қаласының азаматы туыстарының үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәліметке сәйкес, 26 жастағы ер адам өзім тұрамын деген желеумен ағасының үйін жалға алып, синтетикалық затты шығаратын есірткі зертханасын ұйымдастырған.

"Патрульдік полиция экипажы есірткі сатушыны анықтады және ұстады. 26 жастағы азамат есірткі бетбелгісін қою кезінде тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Жедел тергеу тобының тінтуі кезінде оның сөмкесінен салмағы 1,5 келіге жуық “мефедрон” есірткісі табылды. Күдікті есірткіні зертханада өзі дайындайтынын мойындады. Азаматтың бетбелгілерді де өзі қоятындығы белгілі болды. Күдіктіге осы жұмысы үшін “жұмыс беруші” жомарт сыйақы уәде етті. Криптовалютамен төлеген. Дәл осы зертханада шыны колбалар, магниттік араластырғыштар, электронды таразылар, полиэтилен канистрлер, шыны және пластмасса табақтар, кептіргіштер, құрғақ ұнтақтар және басқа да жабдықтар табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 2 келіден асады", – деп түсіндірді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Қазіргі уақытта, күдікті қамауға алынды.

Сонымен қатар, есірткі бизнесінің ықтимал сыбайластары анықталуда. ҚР ҚК-нің 201 бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

Сондай-ақ, ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай, кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу