Алматы вагон депосының директоры сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында ұсталып, тергеу мерзіміне байланысты қамауға алынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алматы вагон пайдалану депосының директоры жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша күдікке ілініп отыр.
Тергеу мәліметінше, іс күдіктінің 2024-2025 жылдар аралығындағы қызмет кезеңіне қатысты жүргізілуде. Сот шешімімен ол тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынды.
"Қазақстан темір жолы компаниясы" тергеу органдарымен толық ынтымақтастық орнатып, қажетті құжаттарды ұсынып жатқанын мәлімдеді.
"Сонымен қатар депода ішкі тексеру басталды. Компания мамандары ықтимал заң бұзушылықтардың себептері мен оған жол берілуіне әсер еткен жағдайларды анықтап жатыр", – делінген хабарламада.
Тергеу аяқталғанға дейін компания өкілдері қосымша түсініктеме беруден бас тартты.
ҚТЖ өкілдері жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және құқық қорғау органдарына барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынып жатқанын хабарлады.