Алматы жолдарын күтіп ұстауға биыл 13 миллиард теңге бөлінген

543

Алматыда көше жолдарын күтіп ұстаумен 10 мердігер ұйым айналысады.  

Алматы жолдарын күтіп ұстауға биыл 13 миллиард теңге бөлінген Фото: almaty.tv

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Дулат Ешкенов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Спикердің айтуынша, Алматыда қала көшелерін күтіп ұстау жұмыстары (қалалық маңызы бар көшелер (магистральдық), аудандық маңызы бар көшелер және жергілікті маңызы бар көшелер) үш бағыт бойынша жүргізіледі.

"Осыған сәйкес көше тазалау жұмыстары қалалық маңызы бар көшелерде тәулігіне кемінде 2 рет, аудандық маңызы бар көшелерде тәулігіне 1 рет және жергілікті маңызы бар көшелерде аптасына кемінде бір рет жүргізіледі. Алайда, бұл жол қызметкерлерінің жұмыстары осымен шектеледі деген сөз емес. Әртүрлі жағдай мен ауа райына байланысты үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін жұмыстар тоқтамайды", - деді Д.Ашкенов.

Ол биыл жазда Алматы қаласының көшелерінен 1000-нан астам арнайы техниканың күшімен 90 тоннадан астам қоқыс шығарылғанын, ал қысқы мезгілде қар шығару, көктайғақты алдын алу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

"Қазір "Алматы тазалық" кәсіпорны қысқа 100% дайын. Бүгінгі күні біз Полиция департаментімен бірлесіп қар тазалау жұмыстары кезінде жол қозғалысының схемасын пысықтап жатырмыз. Жалпы, қалаға түскен алғашқы қар дайындығымыздың сәтті болғанын көрсетті, мердігер ұйымдардың негізгі міндеттері орындалды", - деді спикер.

Ол сондай-ақ жолаушыларға үлкен жауапкершілік жүктелетін жауапты кезең басталғанын атап өтті.

"Күз мезгілі аяқталғалы бері бірнеше ай ішінде біз бұл жауапты кезеңге дайындалу үшін жұмыс жоспарымызды белгіледік. Айту керек биылғы жылы Алматы жолдарын жылдық күтіп ұстауға 13 млрд теңге бөлінді. Алматы жолдары ұғымына арық желілері, тротуарлар, жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтар және тағы басқалар кіреді",- деді Дулат Ешкенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу