2022 жылы жылыту маусымына дайындық кезінде ұзындығы 4,7 шақырым жылу желілері ауыстырылады. Себебі аталған құбырлар 25 жылдан аса пайдаланылып келеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында "Алматы жылу желілері" ЖШС бас инженері Данияр Қазымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Биылғы жылы Алматы қаласы бойынша жылу желілерінің тозуы шамамен 60% немесе 811,5шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда барлық жылу желілері сумен толтырылған, жылу желілерін жылыту маусымына бұруға дайындық жүргізіліп жатыр. Су айналымы жылыту кезеңі басталғанға дейін 3 күн бұрын іске қосылады", – деді спикер.
Мегаполисте жылу желілерін қайта құрылымдау жұмыстары төмендегі көшелерде жүргізіледі:
- Қазыбаев көшесімен солтүстік бағытта Серіков көшесінен №28 тұрғын үйге дейін;
- Гүлдер саябағы бойынша Қазыбаев көшесіне дейін;
- Төле би көшесімен Уәлиханов көшесінен Зенков көшесіне дейін;
- Пушкин көшесімен Төле би көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейін;
- Ерғожин көшесі бойынша;
- Садовников көшесімен Сайран көлі бойымен №82 тұрғын үйге дейін,
сондай-ақ, Жетісу ауданындағы екі сорғы станциясы бар.
Бұл іс-шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін жүргізіледі.
"Жылу желілері үйдің шектеу шекарасына дейін қамтамасыз етілетінін атап өту маңызды. Үйдің өзіне келетін болсақ, мұнда тұрғындар ПИК немесе МИБ-мен бірлесіп, жылыту кезеңінде үй ішілік желілерін дайындауы керек, яғни, бұл жылыту жүйесін жуу, жөндеу және сығымдау, үйдің өзін, шатырды, жертөлені, терезені, есіктерді және т.б. оқшаулап жабу", – деп нақтылады спикер.
Айта кететіні, Алматы қаласының жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 1 352,33 шақырым, жылу желілері жұмысының гидравликалық режимін қамтамасыз ету үшін – 67 сорғы станциясы жұмыс істейді.