Алматы жылыту маусымына дайын

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша штабтың кезекті кеңесін өткізді.

Алматы жылыту маусымына дайын Фото: inbusiness.kz

Қала басшысына энергетика және сумен жабдықтау басқармасының, "Алматы жылу желілері" ЖШС, "Алматыжылукоммунэнерго" ЖШС, "Алматы Су" МКК, "Алматы электр станциялары" АҚ, "Алатау Жарық компаниясы" АҚ "ҚазТрансГазаймақ" АҚ және т. б. басшылары жөндеу және дайындық жұмыстарының аралық қорытындылары туралы баяндады.

Кеңес барысында бейінді ведомстволар атап өткендей, Алматының жылу энергетикалық кешені мен инженерлік желілерінің қыс мезгіліне жалпы дайындығы бүгінде 95%-ды құрайды. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүруде.

Жоспарға сәйкес, Алматыдағы қала шаруашылығының алдағы күзгі-қысқы кезеңге толық дайындығы 2023 жылдың 1 қазанына дейін қамтамасыз етіледі.

Осы жылдың жылуаралық кезеңінде Алматыда 17,7 км жылумен жабдықтау, 120 км электрмен жабдықтау, 43 км сумен жабдықтау, 29 км газбен жабдықтау желілері қайта жаңартылып, жөнделуде.

Дайындық жұмыстары "Алматы электр станциялары" АҚ объектілерінде де жүргізілуде (ЖЭО-1, ЖЭО-2, Каскад ГЭС, Батыс жылу кешені): жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін энергетикалық генерациялайтын жабдыққа (56 бірлік) жөндеу жүргізілуде.

"Қаладағы жылу энергетикалық кешеннің жылыту кезеңіне дайындығы аяқталып қалды. Бұл ретте жылу желілерінің дайындығы 91%-ды, сумен жабдықтау – 100%-ды, электр желілерінің дайындығы-99%-ды құрайды", – деді Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.

Қысқы кезеңге дайындық мәселесі Алматы әкімінің жеке бақылауында. Бұған дейін Ерболат Досаев энергетика және сумен жабдықтау басқармасына (ЭСЖБ) Оңтүстік аудандық қазандыққа ерекше назар аудара отырып, жылумен жабдықтау объектілеріндегі дайындық жұмыстарының барысын бақылауды тапсырған болатын. ЭСЖБ деректеріне сәйкес, аталған объектіде аумақты абаттандыру, газ құбырларын, түтін мұржаларын оқшаулау, мазутты сақтау резервуарларына қоршау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 93%-ды құрайды. Реконструкция аяқталғаннан кейін қазандық 200 мыңнан астам тұтынушыны жылумен қамтамасыз етеді, оның ішінде  Бостандық ауданындағы  салынып жатқан тұрғын үй кешендері.

Алматының тұрғын үй қорының дайындығы бекітілген кестеге сәйкес, бүгінгі таңда 96% -ды, білім беру нысандарының – 98%-ды, денсаулық сақтау нысандарының-98% - ды құрайды. 

"Жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету – қала үшін маңызды міндеттердің бірі. Қалған жұмыстарды 1 қазанға дейін аяқтау керек. Гагарин көшесі жол жүру үшін ашылды. Қала тұрғындарының жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін Қажымұқан көшесіндегі құрылыс – монтаж жұмыстарын тез арада бітірген жөн", – деді Ерболат Досаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу