Алматы қаласындағы хайуанаттар бағын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, зообаққа келушілер саны артып отыр. Сондықтан қазіргі қоршаулардың, айналадағы аумақтар мен инженерлік инфрақұрылымның жағдайы едәуір ескіргенін, жұртқа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейтінін айтады. Қазіргі қоршаулар жануарларды күтіп-ұстаудың әлемдік стандартына да сай келмейді.
"Әлемнің барлық елінде зообақтарды табиғи ортаға ұқсайтындай етіп, жан-жануарларға барынша жайлы жағдай жасап жатыр, біз де осы бағытта жұмыс істеуге бет алдық", – деді Бейбіт Шаханов.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, қайта жаңғыртуға дайындықтың негізгі кезеңінің бірі – іргелес жер телімдерін сатып алу. Ол – инфрақұрылымды толық жаңартып, жануарларды ұстауға арналған заманға сай табиғи аймақтар құрып, автотұрақ аумағын кеңейту деген сөз.
"Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқан кезде климаттық жағдайы ұқсас елдердің зоопарктерін жаңғырту тәжірибесі ескерілуде. Вольерлерге қойылатын талаптар жетекші әлемдік сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Модернизацияның мастер-жоспарында белгіленген жануарларды күтіп-ұстау стандарттарына толық сәйкес келеді. Жобалауға Еуропа мен Ресейден келген зооархитекторлар қатысып жатыр", – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Жоба бойынша жұмыс басталып кетті. Келесі жылы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады.
Ал 10 жер телімін сатып алғаннан кейін қала зоопаркті ауқымды түрде қайта құруға кіріседі.