Алматы зообағына екі ай бұрын Прагадан жеткізілген Том атты ақ аю өліп қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прага зообағы директорының айтуынша, ақ аю 4 мамырда өлген, алайда Алматы зообағы бұл жөнінде оларға 22 мамырда ғана хабар берген.
"Алматы хайуанаттар бағындағы жағдай біздікіне қарағанда жақсы, Томның көбеюіне жағдай жасалуы керек еді. Том бізден 28 наурызда ешқандай ауру белгілерінсіз кетті. Біздің білуімізше, Алматыға еш қиындықсыз жеткізілді. Кейін Алматыдан суреттер мен жазбаша есептерді алдық. Ең соңғысы 15 сәуірде "аюдың жағдайы жақсы" деп нақты айтылған", - деді ол.
Мирослав Бобек кейіннен Алматы зообағынан ешқандай хабар келмей қалғандықтан, Қазақстанға қызметкерлерін жөнелтуді жөн көргендерін жеткізді.
"Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтты. Олар бұл хабарды неге 18 күн бойы жасырғанын түсінбеймін. Томның өлімі бойынша ашық тергеуді талап етеміз және шағымды Зообақтар мен аквариумдардың еуропалық ассоциациясы Чехияның Қазақстандағы елшілігіне және Қазақстанның Чехиядағы елшілігіне жібереміз", - деп жазды ол.
Ал, әлеуметтік желілерде Чехияның көптеген тұрғыны Алматы зообағына наразылықтарын білдіріп, жан-жақты тексеруді талап етіп жатыр.