Мемлекет басшысының Алматыны "бақ қала" ретінде қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мегаполисті ауқымды көгалдандыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Негізгі бастамалардың бірі 2022 жылы бекітілген "Жасыл Алматы" жол картасы. Бағдарламаның басты мақсаты 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу. Жыл сайын 320 мың ағаш пен бұта отырғызу көзделген. 2025 жылға дейін 1,2 млн, ал 2030 жылға дейін шамамен 1,3 млн ағаш отырғызылады.
2024 жылы 320 мың жасыл желектің 224 мың көшеті отырғызылды, оның ішінде 150 мыңнан астамы ағаш, ал 74 мыңы бұта. Ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 96 мың көшет отырғызу жоспарланған.
"Мемлекет басшысының "Алматы – бақ қала" мәртебесін қайта жаңғырту тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында 2023-2024 жылдары 500 км автосуару және тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 км желі тарту үшін 4,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл жүйе 1 млн-нан астам ағашты автоматты суару жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді", – деді Ерболат Досаев.