4,5 гектардан асатын "Саяхат" сапаржайы аумағындағы жер учаскесінің иесі жаңа жобаны жүргізетін инвесторлар іздестіріп жатыр. Көп кешікпей аталған орында автомолл пайда болуы тиіс. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Жетісу ауданының әкімі Талғат Разақов мәлім етті, деп жазады krisha.kz.
"Бастапқыда сауда үйін салу туралы жоспар болған, алайда кейін мәскеулік үлгі бойынша автомолл салуды ойға алдық. Мәскеуден инвесторлар келіп, талқыланғанымен, іс сөзден әрі аспады. Сол себепті қаражат құйғысы келетін кәсіпкерлерді іздестіріп жатырмыз", – деді Разақов.
Ол сондай-ақ Іле ауданының автобус паркімен бірлесіп жол жиегіне бей-берекет тоқтап, кептеліс тудыратын сансыз таксистер мен автобус жүргізушілеріне қатысты мәселе қаралып жатқанын тілге тиек етті.
"Талғар, Шонжы жақтан келетін автобустар сапаржайдың аумағында тәртіпке сай тұрақта тоқтап тұруына, ал жолаушылардың көлікке баруы ыңғайлы болуы үшін әкімдік жүргіншілер жолын жасайды", – деді аудан басшысы.