Алматыда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

264

Мектеп автобустары көбейетіні белгілі болды.  

Алматыда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді Фото: almaty.tv

Жаңа оқу жылы басталысымен Алматы жолдарында әдеттегідей көлік қозғалысы күшейеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты AlmatyJoly Телеграм арнасына сілтеме жасап.

Қыркүйектің алғашқы күндерінде жолдағы қозғалысты жеңілдету үшін қалада бірқатар қосымша шара қолға алынады. Олар қоғамдық көліктің жұмысын реттеуге және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгеріс автобус пен метро қозғалысына, оқушыларды тасымалдауға, мектеп маңындағы қауіпсіздікке, сондай-ақ қалалық қызметтер мен ұйымдардың жұмыс кестесіне қатысты.

Мектеп автобустары көбейеді

300 мектеп автобусы 60 мектепке қызмет көрсетіп, 13 мыңнан астам оқушыны тасымалдайды. 1 қыркүйек күні таңертең мектептер маңында, жүргіншілер өткелдерінде және көлік көп жүретін учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік етеді. Тұрғындардан мектеп кіреберісіне дейін жеке көлікпен бармай, мүмкіндігінше балама қозғалыс тәсілін таңдау сұралады.

Қоғамдық көлік саны артады

Қаладағы 3 200 автобусқа 500-ге жуық резервтік автобус қосылады. Олар жолаушы саны көп бағыттарға шығарылып, қарбалас уақытта автобустар арасындағы қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді. Метро пойыздарының саны 11-ден 13-ке дейін артады. Таңғы уақытта пойыздар арасындағы интервал 3 минутқа дейін қысқарады.

Мектеп маңындағы қауіпсіздік

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер маңындағы жолдар тексеріліп, анықталған 140-тан астам кемшілік жойылды. Бағдаршамдардың жұмысы, жол белгілері мен таңбалары тексерілді. Мектеп аумақтары тәулік бойы бейнебақылауда болады.

Жүк көліктеріне шектеу

Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Салмағы 8 тоннадан асатын көліктерге белгіленген жол учаскелерінде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін қозғалыс шектеледі.

Қашықтан жұмыс немесе икемді кесте

1-5 қыркүйек аралығында әкімдік қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істейді. Компаниялар мен ұйымдарға да қашықтан жұмыс істеу немесе жұмыс күнін икемді кестемен бастау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Жолға шығар алдында бағытыңызды алдын ала жоспарлаңыз. Қарбалас уақытта мүмкіндігінше қоғамдық көлік пен метроны таңдаған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу