Алматыда 10 тау-шаңғы курортын салу жоспарда бар

2900

Былтыр австриялық компания Алматы қаласы және Алматы агломерациясында тау шаңғысы туризмі кластерін дамыту жоспарын жасады. 

Алматыда 10 тау-шаңғы курортын салу жоспарда бар

Алматыда тау туризмін дамыту мақсатында 2025 жылға дейін тағы 10 курорт салу жоспарда бар. Бұл туралы қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Асылбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, тау шаңғысы туризмін дамыту бойынша  2025 жылға дейін Алматы және Алматы облысында үш кластердің дамуы көрсетілген.

"Былтыр австриялық компания Алматы қаласы және Алматы агломерациясында тау шаңғысы туризмі кластерін дамыту жоспарын жасады. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шығыс кластеріне Түрген таулары кіретін болды. Орталық кластерге Алматы территориясы кірді. Батыс кластер бойынша Қаскелең дамитын болды. Осы үш кластердің территориясында ұзындығы 456 шақырым болатын шаңғы трассасы салынып, 10 тау курорты салынады. Бұл қазіргі көлемнен 8 есе артық. Сондықтан, біз тау шаңғысы туризмін дамытуға барынша екпін беріп отырмыз. Медеу мен Шымбұлақ  курорттарына былтыр 600 мың турист барған", – деді KITF 2019 көрмесінің ашылу салтанатында қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Асылбеков.

Оның айтуынша, Алматының тау шаңғысы туризмін дамытуға мүмкіндігі мол.

"ҚР қорғаныс министрлігімен ЦСК тау шаңғысы базасын коммуналды меншікке беру туралы келісімге келдік. "Сұңқар" кешенінде де тау туризмінің потенциалы бар. Инфрақұрылымы тар болғанымен былтыр мұнда 7,5 мың адам келген. Біз тау шаңғысы сілемдерін 2,5 шақырымға ұзартуды көздеп отырмыз. Қазір онда 200 метр бар. Одан бөлек Қаскелең де тау шаңғысы конголмератына кіреді. Ол жақтың тау сілемдерінде 110 шақырымдық трасса пайда болады. Түрген шатқалында 150 км трасса салынады", – деді ол.

Қазір бұл жоба бойынша техникалық экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама  жасалып жатыр.

Инвестициялар жекеменшік инвесторлардан немесе мемлекеттік бюджеттен тартылады.

Барлық құжаттарды сәйкестендіру кезінде тау-шаңғысы курортының құрылысы 3 жылға созылуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу