Алматыда Абай атындағы – 12, ал Райымбек батыр атындағы 8 көше бар екен. Өзге де тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің есімдері берілген көшелер де жиі қайталанып жатады. Осыған байланысты қаладағы 100 көшенің атауы ауыстырылатын болды, деп хабарлайды 24.kz.
Қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетовтің айтуынша, бұрын Алматыда 1900-ге жуық көше болған. Жаңадан Алатау және Наурызбай аудандары құрылғаннан кейін көше саны 2,5 мыңға жуықтаған. Бірақ қалаға қосылған елді мекендердегі көше атауларының 80%-ы қайталанатын болып шықты.
Бірқатар көшелер қазақтың жер-су аттарымен және ұлттық танымға сәйкес келетін сөздермен аталады. Ал кейбіріне Еңлік-Кебек, Гүлбаршын, Ер Төстік сияқты қазақ фальклорындағы кейіпкерлердің есімдері беріледі. Ал мекенжайы ауысқан тұрғындар құжаттарын жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарында түзейді.
Құжаттарды түзеу тегін жасалады. Құжаттың артқы жағына көшенің аты ауысқаны туралы мөр басылады. Кадастрлық нөмірі сол күйінде қалады. Тіпті үйінің нөмірі де сол қалпында сақталуы мүмкін.
Көше аттарын өзгерту туралы бастама әлі бірнеше деңгейде мақұлдануы тиіс. Қалалық әділет басқармасында тіркелген соң ғана заңды күшіне енеді.