Алматыда 11 елдің қуыршақ театрлары бас қосады

323

Халықаралық фестиваль 21-24 қазан аралығында өтеді.

Алматыда 11 елдің қуыршақ театрлары бас қосады Фото: baribar.kz

2026 жылғы 21-24 қазан аралығында Алматыда "Almaty Puppet Festival – 2026" IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтеді. Өнер додасына 11 елден 14 театр ұжымы қатысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ұйымдастыратын фестивальге Қазақстан, Түркия, Ресей, Италия, Франция, Иран, Молдова, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстанның театрлары қатысады.

21 қазанда фестивальдің баспасөз конференциясы мен ресми ашылу салтанаты өтеді. Алғашқы күні Иранның "Deemak" театры "Маршмэллоу" спектаклін, Түркияның "Карагёз" театры "Әлем жұлдыздарының шоуы" қойылымын ұсынады. Сондай-ақ Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры "Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет" спектаклін көрсетеді.

22 қазанда көрермендер Өзбекстанның "Чемодан", Молдованың "Теңбілді ханшайым", Астана қаласы Қуыршақ театрының "Қағазды жаңбыры", Әзербайжанның "Етік киген мысық" және Грузияның "Ит" қойылымдарын тамашалай алады. Бұл күні Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының "TAZA.KZ" спектаклі де сахналанады.

23 қазанда Италияның халықаралық театр орталығы "Жұлдызды жаңбыр" спектаклін ұсынады. Ресейдің "Экият" татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театры "Адәмнәр" қойылымын, Жетісай драма театры "Алқызыл гүл" спектаклін, ал Екатеринбургтің "Тохот" театры "Аңдар детективі" қойылымын көрсетеді.

Фестивальдің соңғы күні, 24 қазанда Францияның "Le Soleil des Abysses" театры "Рамаяна" спектаклін, Қостанай облыстық қуыршақ театры "Жындының жазбалары" қойылымын сахналайды. Сонымен қатар режиссер, профессор Құралай Ешмұратова "Қуыршақ театры: дәстүрден заманауи өнерге дейін" тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді.

Фестиваль аясындағы спектакльдерді отандық және шетелдік театр өнері мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу