1 маусымнан бастап ұзындығы 30,75 км болатын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұлардан өзге, депутаттар мәслихаттың соңғы сессиясында ұзындығы 83,7 км болатын 114 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 2,5 млрд. теңге бөлу жөніндегі шешімді бірауыздан қолдады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Маусым айында көше-жол жүйесінің көлік өткізу қабілетін арттыруға ықпал ететін трамвай рельстері сүріліп, 18 жол бұрылысында орташа жөндеу жұмыстары басталады. Торайғыров және Каблуков көшелерінде ұзындығы 3,7 км болатын велосипед жолы салынып, айналасы абаттандырылады.
Шевченко, Қонаев, Өтепов көшелеріндегі 7,5 км жердегі трамвай рельстері алынады. Бұл учаскелерге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, бордюрлер реттеліп, арық жағалаулары, бекет нүктелері, велосипед жолдары көріктендіріледі.