Әуезов ауданында ашылған жаңа орталықта жастардың білім алуына, шығармашылығын дамытуына және жаңа жобаларын жүзеге асыруына жағдай жасалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала күніне орай Алматының Әуезов ауданында аумағы 400 шаршы метр болатын жаңа жастар комьюнити орталығы ашылды. Осылайша қаладағы барлық ауданда жастарға арналған комьюнити орталықтар жұмыс істей бастады.
Жаңа кеңістікте дыбыс жазу студиясы, би залы, робототехника және 3D-модельдеу аймақтары, цифрлық контент жасауға арналған орын, сондай-ақ білім беру және кеңес беру алаңдары бар. Орталықтағы барлық мүмкіндікті жастар тегін пайдалана алады.
Жаңа бағыттардың бірі – "AI Креатор" курсы. Қатысушылар контент жасауда жасанды интеллектіні қолдануды үйренеді. Бағдарлама идея мен сценарий әзірлеуден бастап, визуал, дыбыс және монтажға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
"Жастар орталығы тек іс-шаралар өтетін орын емес, жастардың білім алып, дамып, идеясын жүзеге асыра алатын кеңістік болғаны маңызды", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Орталықтың ашылу күні "ALMATY 24 sagat" бейнебайқауы да басталды. Қатысушылар 24 сағат ішінде Алматы, оның аудандары, сүйікті орындары мен тұрғындары туралы қысқаметражды бейнеролик түсіруі керек.
Жыл басынан бері комьюнити орталықтарда 10,6 мыңнан астам алматылық жасқа жұмысқа орналасу және кәсіби бағдар алу бойынша көмек көрсетілді. Сонымен қатар жастар психологиялық және құқықтық кеңес алды.