Алматыда толассыз жауған нөсерден болған төтенше жағдай салдарын жою жұмысы белсенді жүріп жатыр, деп хабарлайды төтенше жағдай комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Су басқан көшелерде құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар су сору жұмысын атқарып жатыр. 2017 жылдың 28 сәуірінде сағат 00:15-те Алматыда жауған мол жаңбыр салдарынан 60 рет су басты.
Дәлірек айтсақ, жалпы 150-ге жуық жеке тұрғын үйді су басқан, 37 ауланы және 9 көшені, "Азия" базары аумағындағы 3 нысанды, "Алматы Оптика" дүкені (Алмалы ауданы) мен "Ботагөз" жеке балабақшасы аумағын су басты. Алатау ауданындағы саманнан салынған баспана қирады.
Төтенше жағдай департаменті мен құтқару қызметі бірлесіп, су сору жұмысын іске асырып жатыр. Оған 50 адам, 20 техника, 24 мотопомпа жұмылдырылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.