Бостандық ауданы Абай даңғылы бойындағы 16 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатында орналасқан пәтерде жиһаз өртенді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнына құтқарушылар шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша жіберілді.
– Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде кіреберісті қою түтін басқаны анықталды. ТЖМ қызметкерлері тұрғындарды дереу эвакуациялауға кірісті, – дейді төтенше жағдай қызметкерлері.
Министрлік атап өткендей, оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары тұрғындарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жіберілді. Сонымен қатар жұмыстарды жүргізу үшін өрт сөндіру автосатысы орнатылды.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде түтін басқан аймақтан баспалдақ маршы арқылы 42 адам эвакуацияланды. Құтқару қалпақтарының көмегімен 85 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды. Өрт жедел түрде сөндірілді.