Алматыда 164 мыңнан астам контрафактілік тауар жойылды

508

Тиісті мәліметті қаладағы Экономикалық тергеу департаменті хабарлады.

Алматыда 164 мыңнан астам контрафактілік тауар жойылды Фото: baq.kz

Ведомство соңғы екі жылда мегаполисте 164 мыңнан астам контрафактілік тауарлар тәркіленіп, жоюға жіберілгені туралы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Елде анықталған контрафактілік тауарлардың негізгі бөлігін спорттық киім, жоғары сапалы киімдер бренді, алкоголь өнімдері, автокөліктің қосалқы бөлшектері, техника және халық тұтынатын басқа да тауарлар құрады.

"Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті "көлеңкелі" экономиканы төмендету және кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатыр. Мысалы, Алматы қаласы бойынша департамент қызметкерлері "Септохим" маркалы контрафактілі дезинфекциялау құралдарын заңсыз дайындау және сату фактісін анықтады. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған өнімді заңсыз өндірген адамдар ұсталып, компанияның кеңсесі мен өндірістік цех анықталды", - делінген хабарламада.

Оның нәтижесі бойынша сыйымдылығы 5 литр болатын "Септохим" тауарлық жапсырмалары бар 300-ден астам баклажка тәркіленді.

"Заңсыз дайындалған және өткізілген контрафактілік тауарлардан, яғни  "Септохим" маркалы дезинфекциялық құралдардан келтірілген материалдық залал сомасы 20,3 млн теңгені құрады. Алмалы аудандық сотының үкіміне сәйкес, айыпталушыға 70 АЕК мөлшерінде жалпы сомасы 212520 теңгеге айыппұл салынды", - деп хабарлады департамент.

Сонымен қатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бөтен тауар белгісін дайындау және өткізу ("Toyota" және "Lexus" компанияларының), яғни автобөлшектер түріндегі контрафактілік тауарды дайындау және өткізу дерегі анықталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында 998 млн теңге көлемінде шығын толығымен өтелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу