Электронды темекілерге толық тыйым салынса да, қалада вейптердің заңсыз саудасының ірі схемасы әшкереленіп отыр. Оның негізгі сату арнасы – Telegram мессенджері және өзге де әлеуметтік желілер, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тыйым күшіне енгеннен бері қалада вейптердің заңсыз айналымының 10-нан аса дерегі анықталған.
Сауда жасырын түрде жасалып, өнімдер қоймаларда және жасырын орындарда сақталған. Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кезекті қылмыстық істі аяқтады.
– Күдіктілер тыйым салынған өнімді ESCOBAR OPTOM, Snake opt және басқа да Telegram-арналар арқылы сатқан.
Тергеу барысында 180 мыңнан астам вейп тәркіленіп, жойылды. Оларды сатудан түсуі мүмкін табыс 1 миллиард теңгеден асуы ықтимал. Қоймалар мен сату нүктелері анықталды. Күдіктілердің мүлкіне 347 миллион теңге көлемінде шектеу салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды, жауапкершілікке 6 адам тартылып отыр, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Прокуратура 2024 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда электронды темекілерді, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынғанын көпшіліктің есіне салады.
Заңсыз айналым үшін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.