Алматыда 2 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тексерілді

765

Карантин талаптарын сақтамағандар қызметтерін тоқтатады. 

Алматыда 2 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тексерілді Фото: sputniknews.kz

Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

Еске сала кетсек, 1 маусымнан бастап азық-түліктік емес базарлар, моншалар мен жаттығу залдары сынды ірі нысандар қызметін қайта бастаған болатын. Бұл ретте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен әрбір аудандық әкімдіктерде кәсіпкерлік субъектілердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қадағалау бойынша мониторингтік топтар құрылды.

Бекітілген мониторингтік топтардың құрамына Алматы қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары, Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері, аудандық әкімдіктердің, "Атамекен" ҰКП және Полиция департаментінің қызметкерлері енген.

Осы уақытқа дейін мониторингтік топтар жұмысын қайтадан бастаған 1989 нысанға тексеріс жүргізді. 

"Біз 2 мыңнан астам тексеру жүргіздік, оның барысында тек 65 жағдай бойынша әкімшілік жаза тағайындалды және 39 нысанның қызметі тоқтатылды. Сенбі және жексенбі күндері 153 нысанды тексердік. Тексеру шаралары жалғасады", — деді Алматының бас санитар дәрігері.

Өз міндеттеріне салғырт қараған "Жан плов лагман" мейрамханасы, "Шашлычная на Кирова", "Шашлычный двор", "Боржоми", "Алматы" дәмханалары мен мейрамханалары басшылығына әкімшілік айыппұл салынды. "Байтас" шағын маркеті, "Дильназ", "Шапағат" дәмханаларына әкімшілік хаттама толтырылды. Ал "Прованс" дәмханасының қызметі тоқтатылды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу