Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Өткен жылы қаланың меншігіне "Алматы паркинг" қайтарылды. Қала басшысының айтуынша, мегаполистің тарихи орталығында 12500 тұрақ орны бар.
"Біз бірыңғай тұрақ кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын аяқтаудамыз, әрі қаланың барлық 8 ауданын қамтуды жоспарлап отырмыз. Әкімдік көліктер тұраққа қойылған көшелер бойындағы аумақтарды заңдастырып, оларды тиісті инфрақұрылымға біріктіреді", - деді Алматы әкімі.
Қыркүйекке қарай сараланған төлем жүйесін іске қосу жоспарлануда. Оның тариф орталық аудандарда қымбатырақ болса, мегаполистің шеткері аудандарында арзанырақ белгіленеді.
"Төлемдер қаражаты бюджетке түседі. Сонымен қатар, мен бұл бюджетті былайша бөлдім: аудан қанша жинайды – жиналған қаржыны "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша кері қайтарамыз. Сондай-ақ, көпдеңгейлі автотұрақтарды салу мәселесі қарастырылуда. Біз жеке тұлғаларды, өз жерлерінде осындай автотұрақтар салуға мүдделі адамдарды тартуға дайынбыз", - деді шаһар басшысы.
Ерболат Досаевтың айтуынша, қаладағы алғашқы көп деңгейлі автотұрақ Ұлттық банктің жанында бой көтермек.