Алматыда 25 мамырдан бастап қандай нысандардың жұмысы жанданады?

909

Мегаполисте 84,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 3631 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.

Алматыда 25 мамырдан бастап қандай нысандардың жұмысы жанданады?

2020 жылғы 25 мамырдан бастап Алматыда алаңы 500 шаршы метрден астам сауда нысандары, қонақүйлер (хостелдерді қоспағанда) және қоғамдық тамақтану орындары жұмысын бастайды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Шаһарда 138 сауда нысанының жұмысына қойылған шектеулерді алынбақ. Жекелей алғанда сауда үйі, сауда орталығы аумағында орналасқан азық-түліктік емес бутиктер, сән салондары, химиялық тазалау және мейрамханалар жұмыстарын бастайды. Жаңа талаптарға сәйкес аталған  нысандар сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді. 

"Онда орналасқан фуд-корттарды ашу келесі – 2-ші кезең шеңберіне, СПА, фитнес-орталықтарын және ойын-сауық нысандарын ашу – 3-ші кезең шеңберіне жоспарланып отыр. Олардың ашылу күні қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады және қосымша хабарланады", – деді әкімдіктің баспасөз қызметі.  

Сонымен қатар 25 мамырдан бастап қоғамдық тамақтану нысандары мен олардың жазғы алаңдарын қоса алғанда шамамен 3100 кәсіпорын жұмысын бастамақ. Оларға қойылатын негізгі талап – көрші үстелде отырған келушілердің ара-қашықтығының кемінде 2 метр болуын қамтамасыз ету және бір отбасының мүшелерін қоспағанда бір дастарханға 4 адамнан артық отырғызбау болып табылады. Бұл нысандар 23:00-ге дейін жұмыс істейді. 

"Бірінші кезеңде банкеттер мен салтанатты тойлар өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ, аталған кезеңде қоғамдық тамақтану нысандарының аумағында жұмыс істейтін караоке, бильярд және көңіл көтеретін мекемелердің жұмыстарына шектеу қойылған. Кальян жұмысына карантиннің бүкіл кезеңінде тыйым салынады", – деп ескертті әкімдік. 

Сондай-ақ, 25 мамырдан бастап 393 қонақүй (хостелдерді қоспағанда) жұмысын бастайды деп жоспарланған. Нәтижесінде 5 мыңнан астам адам қайта жұмыстарына кіріседі. 

"25 мамырдан бастап оларға қонақ бөлмелерін беруге және өзінің аумағында мейрамханалар ашуға рұқсат беріледі. Бұл ретте, қонақүйдегі мейрамханаларға қоғамдық тамақтандыру нысандарына қойылған талаптар қойылады. СПА, бассейндер және тренажер залдарын ашу күні қаладағы эпидемиологиялық жағдайларға байланысты болады және қосымша хабарланады", – деді қала әкімдігінде. 

Осылайша, 25 мамырдан бастап қалада 84,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 3631 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу