Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында үш магнит жұтып қойған 5 жастағы балаға күрделі ота жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Магниттер асқазан-ішек жолында ұзақ уақыт болып, сирек кездесетін асқынуға әкелген.
Күшті магниттік тартылыс салдарынан асқазандағы бір магнит пен аш ішектегі екі магнит мүшелердің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылған. Соның нәтижесінде асқазан мен аш ішек арасында патологиялық байланыс – магниттік жыланкөз пайда болған.
Хирургтер бастапқыда операцияны лапароскопиялық әдіспен бастаған. Алайда зақымданудың сипаты анықталғаннан кейін баланың қауіпсіздігі үшін ашық операция жасау туралы шешім қабылданды.
Ота барысында жыланкөз жойылып, үш магнит те алынды. Зақымданған тіндер кесіліп, қалпына келтірілді. Құрсақ қуысына санация жасалып, дренаж қойылды.
Операция сәтті өтіп, емнен кейін баланың жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылған кезде оның жалпы жағдайы қанағаттанарлық болған, операциядан кейінгі жараларда қабыну белгілері байқалмаған.
Аурухана мамандары бірнеше магнитті қатар жұту асқазан-ішек жолында ойық жара, тесілулер, жыланкөз, ішек өтімсіздігі және перитонит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Дәрігерлер ата-аналарды бала магнит жұтып қойған жағдайда немесе соған күмән болған кезде дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды. Уақытылы көрсетілген көмек өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.