Алматыда 330-дан астам көппәтерлі, жүзге жуық жеке үй мен денсаулық, білім беру нысандары жылусыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "Алматы жылужүйелері"ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мекеменің хабарлауынша бұған ықшам аудандағы жылу камерасы орналасқан аумаққа ауыр жүк көлігінің құлап кетуі себеп болған.
Жылу камреасының беткі қабаты ауыр салмақты көтеруге есептелмегендіктен жүк көлігі оның ішіне құлап кеткен. Салдарынан диаметрі 500 мм жылу құбыры зақымданып, 336 көппәтерлі, 86 жеке тұрғын үй мен 9 денсаулық сақтау нысаны, 10 балабақша мен 6 білім беру мекемесі жылудан уақытша ажыратылған.
Медеу ауданы аумағындағы бірқатар үйлер жылуға сағат 23:00-ге қарай қосылуы мүмкін.
Инженерлердің айтуынша жылу құбырының бір бөлігіндегі ақау басқа тұтынушыларға, сондай-ақ осы аумақтағы өзге ғимараттардағы жылу режиміне әсер етпейді.
Құралай Құдайберген