Жетісу облысының полицейлері психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Алматының екі тұрғынын ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының Наурызбай ауданында Jetour автокөлігі тоқтатылған. Кейінге қалдыруға болмайтын тінту кезінде алдыңғы жолаушы орындығының төсенішінің астынан қара түсті барсетка табылды.
Оның ішінен изолентамен оралған, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған орама тәркіленді. Сараптама нәтижесінде оның психотроптық зат – мефедрон екені анықталды. Жалпы салмағы 392 грамды құрады.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 23 және 46 жастағы екі Алматы тұрғыны ұсталды. Сот санкциясымен екеуіне де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер Жетісу облысында жасырын орындарға есірткі жасырып, психотроптық заттарды өткізумен айналысқан.
Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы және қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да тұлғалар анықталуда.