Мамандар комиссиялық дүкендер, автокөлік жалдау мен онлайн-платформалар түрінде жұмыс істеген көлеңкелі микронесиелеу жүйесін әшкереледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мекеменің мәліметінше, қалада 14 заңды және 1 жеке тұлғаға қатысты қылмыстық іс тіркеліп, азаматтарға келтірілген шығын толық өтелген.
Департамент басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиевтің айтуынша, қылмысты талдау барысында кейбір компанияның клиенттермен "тауар сатып алу" шартын жасасып, іс жүзінде оларды кепіл ретінде пайдаланғаны, мүлікті қайта-қайта сатып жіберіп, жасырын үстемақы алғаны анықталды.
"Тергеу аясында 6 МҚҰ-ға, оның ішінде Creditum және Sofi Finance ұйымдарына қатысты іс сотқа жолданды. Қарыз алушылар кепілдік шарт түрінде рәсімделген микроқарыздар үшін алған сомадан 3–5 есе көп төлеуге мәжбүр болғаны іс барысында белгілі болды", – деп толықтырды ол.
Шығынды өтеп, заңсыз құрылымдардың жолын кесу мақсатында 42,6 млрд теңгенің мүлкіне шектеу қойылып, азаматтардың негізгі қарызы бойынша 1,6 млрд теңге кешірілді.
Алматы прокуратурасы әлеуметтік осал санаттағы 60 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғау үшін сотқа арыз берген.
Бұдан бөлек, 7PAYda.kz сайты арқылы 7 мыңнан астам адамға 10 млрд теңгеден асатын заңсыз қарыз берген "Aiken Tech" ЖШС-нің қызметі тоқтатылды.
Сонымен бірге, "Comfort Time" ЖШС-нің жалған зейнетақы аударымын пайдаланып, 400 млн теңгеден асатын 140 қайтарымсыз несие алуға мүмкіндік берген схема да анықталды.