Алматыда 600-ден аса иесіз электр желісі қала балансына берілді

539

Бұл мемлекеттік қызметтер тарифтерінің төмендеуіне әкеледі.

Алматыда 600-ден аса иесіз электр желісі қала балансына берілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында 
Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев шаһарда иесіз желілерді қала балансына беру бойынша жұмыстар қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады. 

Оның айтуынша, биыл осы мақсатта "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ға электр желілері мен жабдықтарының 117 нысанын беру рәсімі жүргізілген. 2019 жылы "АЖК" АҚ-ға электр желілері мен жабдықтарының 544 нысаны тапсырылды. Осылайша екі жылда 661 нысан қала балансына өткен. 

"Бұл шаралар қала тұрғындарына сапалы коммуналдық қызметтер алуға, тарифтердің төмендеуіне және жалпықалалық тарифтермен теңестірілуіне ықпал етеді", – деді  Рүстем Әлиев. 

Сонымен қатар иесіз желілерді қала балансына беру коммуналдық қызметтерге төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Өйткені солардың салдарынан көп жағдайда коммуналдық салада түрлі ақаулар орын алады. 

Жалпы елімізде инженерлік желілерді иесіз деп тану рәсімі ҚР Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, аудандық әкімдіктер тұрғындардың өтініштерін жинайды, энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы мен коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен бірлесіп, қайталануды болдырмау мақсатында иесіз объектілердің тізбесі дайындалады. Бұдан әрі иесіз объектілердің тізбесі Мемлекеттік активтер басқармасына жіберіледі. Ал басқарма өз кезегінде объектілерді иесіз деп тану рәсімін бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу