Алматыда 70 үй жылусыз, сусыз отыр

302

Жылу мен сусыз отырғанымызға 3 күн болды. Алматыда 70 үйдің тұрғындары осылай, деп дабыл қақты.

Алматыда 70 үй жылусыз, сусыз отыр Фото: Inbusiness.kz

Тау бөктеріндегі су құбыры жарылып, қаншама отбасының берекесін қашырыпты. Төтенше жағдай болған жерде арнайы бригада 3 күннен бері жұмыс істеп жатқанымен, әлі қалпына келмеген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ең сорақысы, алматылықтар қатып қалған құбырларын өз қаржыларына ерітуге тырысып жатыр. Еліміздің ең ірі мегополисінде жұрт әлі де коммуналдық проблемалардан неге зардап шегіп жатыр? Әкімдік не дейді?

"Хан-тәңірі" шағынауданы мен "Свежесть" саяжай кооперативі тұрғындарының 3 күннен бері суықта, тоңып отыруға мәжбүр. Барлығы су құбырындағы апаттың салдары. Жеке аумақта орналасқан инженерлік тораптардың бірінде су қатып қалған.

"Авария болғаннан бастап осындамыз. Басында бізге ешкім көмекке келген жоқ. Өзіміз резиналарды жинап трубалардың мұзын еріте бастадық. Кеше ғана әкімдік келіп, қарап, бір нәрсе істейміз деді. Қазірдің өзінде мына жақтың барлығы қатып қалған", - дейді қала тұрғыны Бигелді Әбдібек.

Жылу мен сусыз қалған 70 түтін өз күштерімен таңға дейін дөңгелектерді өртеп, құбырды ерітуге тырысқанымен, одан пайда болмаған. Ал, Бостандық ауданы әкімдігінің қызметкерлері болса, төтенше жағдай орнына келесі күні ғана келіпті. Арнайы бригада ақауды жоюға кірісті.

"Негізгі ГЭС-8 қосылған жерінен құбырды кеше ерітіп, екі жерден суды ағызып жатырмыз. Бүгін қалалық қызметпен бірлесе отырып, қатып қалған жерлерді еріту мүмкін болмағандықтан, уақытша жаңа құбыр салуды қарастырып отырмыз", - дейді Бостандық ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Әділет Әліпбаев.  

Айта кетейік, бұл таулы аймақ осыдан 10 жыл бұрын қалаға қосылған. Тұрғындардың қала мәртебесіне ие болсақ, барлық коммуналдық проблема шешіледі деген үміті үзілгендей. Аудан атқамінерлері инженерлік желілер жеке компанияға тиесілі болғандықтан бұл үйлерді өз балансына ала алмай отыр. Ал құбырлар мен электр станцияларын жекеден сатып алу қиын әрі қымбат процесс, дейді қала басшылығы. Алматылықтарға енді жағдайдың тұрақталғанын күтуден басқа амал жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу