Алматылық дәрігерлер 8-қабаттан құлаған азаматқа операция жасап, аман алып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламаға сүйенсек, 19 жастағы жігіт аурухананың қабылдау бөліміне аса ауыр халде жеткізілген. Пациент шұғыл түрде жан сақтау бөліміне жатқызылды
Орталық қалалық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекеловтің айтуынша, жансақтау қызметкерлері алдымен пациентті жарақат салдарынан болған шоктан арылтқан.
Екі күн өткен соң дәрігерлер ота жасау жөнінде шешім қабылдады.
"Екі кезеңде бірнеше операция жасалды. Бірінші ота "сынған жамбас сүйегін ашық репозициялау, пластинамен және бұрандалармен бекіту" деп аталады. Науқас есін жиып, жағдайы жақсарған соң екінші ота жасалды. Бұл операция барысында сүйек тіндерін сынған жерден бір-біріне жалғап, металл конструкциялардың көмегімен жалғадық", – деді Қанат Тәуекелов.
Мамандар жоғары технологиялардың көмегімен жасалған операция аса күрделі манипуляциялар қатарына жататынын, мұндай оталар МӘМС пакеті шеңберінде ғана жасалатынын айтады.
"Біз пациентті емдеу барысында оның өмірін сақтап қалуды басты мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар мүгедек болып қалмауы үшін барымызды салдық. Нәтижесінде біз науқастың өмірін сақтап қана қоймай, аяққа тұрғыздық", – дейді Қанат Тәуекелов.
Бір айта кетерлігі, пациент операциядан кейін екінші күні-ақ аяққа тұрған. Орталық қалалық клиникалық ауруханада реабилитациядан өтті. Бүгінде ауруханадан шыққан жас жігіт өз бетінше жүріп-тұрады.