Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында сегіз жастағы балаға күрделі нейрохирургиялық операция жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәрігерлер мидағы сирек кездесетін туа біткен патология – гамартоманы алып тастады.
Бала туғаннан бастап неврологиялық бұзылыстарға шалдыққан. Оның себепсіз күлкі ұстамалары, ұйқысы мен сөйлеуінің бұзылуы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, бас ауруы мен есінен тану жағдайлары байқалған. Дәрігерлер бұл белгілерге мидың белгілі бір аймағында орналасқан гамартома себеп болғанын анықтады. Ісік эпилепсиялық ұстамаларды да қоздырған.
Пациент бірнеше жыл бойы мамандардың бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен емделген. Бұған дейін хирургиялық араласулар да жасалған. Алайда ұстамалар тоқтамағандықтан, дәрігерлер кезекті операция жасау туралы шешім қабылдаған.
Операция халықаралық практикалық мастер-класс аясында өтті. Оған Германиядағы "Шарите" университеттік клиникасының балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.
Қазақстандық дәрігерлермен бірлесіп жасалған операция кезінде нейронавигация және нейромониторинг технологиялары қолданылды. Микрохирургиялық әдіс мидың күрделі құрылымдарында дәл жұмыс істеуге және маңызды функционалдық аймақтардың жағдайын бақылауға мүмкіндік берген.
Мастер-класс "Добровольное Общество Милосердие" қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында мамандар бес күрделі операция жасап, пациенттерге консультация берді. Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлерге практикалық оқыту өткізілді.
"Біз үшін мидың күрделі ауруларына шалдыққан балалардың Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы маңызды. Халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және заманауи хирургиялық технологияларды енгізу отандық нейрохирургияны дамытуға және күрделі пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады", – деп атап өтті №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.