Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте "QAMQOR CHARITY" қоғамдық қорының өкілдері хабарлады.
Волонтерлер алматылықтардың ерекше белсенділігін атап өтті. Гуманитарлық көмекті жинау жайлы хабарланған алғашқы күннен-ақ волонтерлерге бұл қайғылы жағдайға бей-жай қарамайтын көптеген тұрғындар келіп, өз көмектерін ұсынған.
"Абай облысындағы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Осыған байланысты Алматы қаласының еріктілері мен волонтерлік ұйымдары бірлесіп, гуманитарлық көмек жинау қорын ұйымдастырды. Дейтұрғанмен, бұл істе ең алғашқылардың бірі болып біздің тұрғындар бастама көтерді. Көптеген тұрғындар, көмек қолын созуға ниет білдірді. Қазіргі уақытта Абай ауданының жергілікті тұрғындары, сондай-ақ, қызмет мамандары алғашқы қажеттілік заттарымен толығымен қамтамасыз етілген. Біз Семейдегі бас штабпен үнемі байланыстамыз және қосымша қажетті заттар тізімін алып отырамыз", - деді "QAMQOR CHARITY" қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.
Ірі волонтерлікк қозғалыстар қатарында "Қазақстан еріктілерінің лигасы" ҚҚ, "Lider.kz" ҚҚ, "Медицина жастары" РҚҚ және т.б. бар.
Алматыда гуманитарлық көмек жинау пункті 12 маусымда жұмыс істей бастады. Волонтерлер бірінші кезекте қажет заттарды қабылдап жатыр.
"Біз көмекті кестеге сәйкес, таңғы 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылдаймыз. Штабта 20-дан астам волонтер жұмыс істейді. Соңғы екі тәулікті 300 келіден астам гуманитарлық көмек жиналды", - деп бөлісті волонтер Абзал Әріпов.