Алматыда "Әділет" партиясы сайлауалды бағдарламасын бекітіп, қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынды

495

Бүгін Алматыда "Әділет" партиясы Алматы қалалық филиалының III кезектен тыс конференциясы өтті.

Алматыда "Әділет" партиясы сайлауалды бағдарламасын бекітіп, қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынды Фото: Әділеттің баспасөз қызметі

Жиын барысында партияның Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, қалалық мәслихат депутаттығына бірмандаттық аумақтық сайлау округтері және партиялық тізім бойынша кандидаттар ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ филиалдың Саяси кеңесінің құрамы жаңартылды.

Конференцияда қабылданған шешімдердің маңыздылығын атап өткен "Әділет" партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров партияның алдағы сайлауға нақты бағдарламамен және кәсіби командамен қатысатынын жеткізді.

"Біз алдағы сайлауға нақты бағдарламамен және түрлі кәсіби әрі қоғамдық салалардың өкілдерінен құралған кандидаттар командасымен қатысамыз. Біз үшін әрбір кандидаттың өз округіндегі мәселелерді терең білуі, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуы және оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуы маңызды. Біздің жұмысымыз партияның бес негізгі құндылығына - әділеттілік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогреске негізделген. Бұл құндылықтар бағдарламалық бастамаларымызда ғана емес, халықпен күнделікті жұмысымызда да көрініс табуы тиіс", - деді Станислав Канкуров.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі - әлеуметтанулық зерттеулер, сарапшылармен талқылаулар және қала тұрғындарының ұсыныстары негізінде әзірленген сайлауалды бағдарламаны бекіту болды. Құжат мегаполистің өзекті мәселелерін шешуге және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Сайлауалды бағдарламаны Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымының төрағасы Мейіржан Отыншиев таныстырды.

Талқылау қорытындысы бойынша делегаттар "Әділет" партиясының Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын бірауыздан бекітті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттарды ұсынуға арналды. Делегаттар бірмандаттық аумақтық сайлау округтері және партиялық тізім бойынша кандидаттар тізімін бірауыздан мақұлдады.

Ұсынылған кандидаттар қатарында мемлекеттік басқару, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, мәдениет және әлеуметтік сала мамандары бар. Кандидаттар құрамындағы әйелдер мен жастардың үлесі 37,1%-ды, ал орташа жасы 43 жасты құрайды. Олардың арасында ғылым докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ магистрлерді қоса алғанда, ғылыми қауымдастықтың 35 өкілі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу