Алматыда айыппұл төлемей жүргендерді анықтайтын "Сергек" жүйелері орнатылды

723

Жүйе "Борышкер" шарасы барысында қозғалып келе жатқан көлік ағынының арасында құқық бұзушының көлігін анықтап, инспекторға белгі береді. 

Алматыда айыппұл төлемей жүргендерді анықтайтын "Сергек" жүйелері орнатылды

Алматыда айыппұл төлеуден жалтарып жүргендерді анықтауға бағытталған іс-шара басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әкімшілік айыппұлдарды өндіру тиімділігін арттыру мақсатында Алматы полициясы "Борышкер" жедел-алдын-алу іс-шарасын жүргізуде. Жол қозғалысы көп жерлерде іс-шараны өткізуге жол-патрульдік полициясының автокөлік экипажы қатысады. Әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар борышкерлерді автоматты түрде есептейтін "ЖҚҚ" ААЖ және "Сергек" АӨК де қолданылады.

"Жоспарланған іс-шара, шектеулері бар адамдар мен көлік құралдарын анықтауға, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша міндеттемелерді ерікті түрде, заңмен белгіленген мерзімде орындамаған адамдарды анықтауға бағытталған. Жүйе қозғалып келе жатқан көлік ағынының арасында құқық бұзушының көлігін анықтайтын болса, инспектор көлікті тоқтатады және тоқтау себебін түсіндіреді. Содан кейін құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес тәркілеу хаттамасы жасалады. Мұндай әкімшілік шаралар құқық бұзушылардың заңды міндеттемелерді уақытында орындауына тиімді әсер етеді деп есептеймін", – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

Сондай-ақ іс-шараға Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының сот орындаушылары мен Алматы қаласы прокуратурасының қызметкерлері қатысады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу