Алматы жұртшылығы Ғылым ордасында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Қайдарды ақтық сапарға шығарып салуға жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаралы жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымның əріптестері қатысты.
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Академик Әбдуәли Қайдар қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол ғұмырын тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдар даярлауға арнаған адам. Әбдуәли Қайдар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, елбасына хат жолдады.