Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты сенатор Амангелді Нұғманов таныстырды.
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңы – еліміздің сыртқы саяси бағыты мен ұлттық мүдделерін үйлестірудің маңызды қадамы. Аталған Келісім Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының 74-сессиясына қатысу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Құжат шеңберінде АҚШ Үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекеме ғимараттарын салу үшін 70 593 шаршы метр жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға беріледі", - деді депутат.
Сөзінше, бұл шешім халықаралық дипломатиялық тәжірибеге толықтай сай келеді. Мәселен, Корей Халық Демократиялық Республикасы Елшілігіне Ұлыбританияда және АҚШ консулдығына Гонконгта 999 жылға жалға жер берілген.
"Бұл – серіктестік қатынастардың ұзақмерзімділігі мен сенімге негізделген қалыпты практика. Алматы қаласындағы Бас консулдықтың аумағында АҚШ-тың Есірткімен күрес агенттігі, Қазақстан Республикасындағы – Сауда министрлігінің өкілдігі кіреді. Оның негізгі міндеті – америкалық компаниялардың қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесу, сондай-ақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту", - деп атап өтті сенатор.
Келісім бойынша жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары нақты белгіленген. Жалға алу мерзімі үшін жалдау ақысы 25 миллион долларды құрайды және бұл сома Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде біржолғы төлеммен төленеді.
Сонымен қатар, АҚШ Үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратқа қатысты барлық салықтар мен басқа да төлемдерден босатылады (жалдау ақысынан басқа).
Консулдық ғимараттың құрылысына, оның күтімі мен жөндеуіне, байланыс қызметтері мен электр, газ, су, жылу және басқа да коммуналдық қызметтерге қатысты барлық шығындар АҚШ Үкіметінің есебінен жүзеге асырылады. Консулдықты жабдықтау мен жиһаздау үшін АҚШ Үкіметі импорттайтын барлық материалдар мен тауарлар кедендік төлемдерден, импорт салығынан және рұқсат алуға қатысты талаптардан босатылады.
Одан бөлек, тараптар арасындағы келісімге сәйкес, Келісім ратификацияланғаннан кейін АҚШ тарапы Қазақстанның Хьюстон қаласында Бас консулдық ашуына рұқсат береді.