Қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, жаңа тұрақтар тротуар бойында және арнайы автотұрақ алаңдарында орналасады.
Тротуар бойындағы ақылы тұрақтар 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұған дейін олардың жұмыс уақыты 09:00-ден 19:00-ге дейін болған. Ал алаңдық тұрақтар, жерасты және көпдеңгейлі паркингтер, сондай-ақ қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтардың жұмыс кестесін басқарушы ұйымдар белгілейді.
Ақылы тұрақтағы көлік ақысы бекітілген тарифке сәйкес әр минутқа есептеледі. Дегенмен тротуар бойындағы тұрақтарда жолаушыны отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ көлікке зат тиеу не түсіру кезінде алғашқы 5 минут үшін төлем алынбайды.
Қазір коммуналдық ақылы тұрақтардың ең көп саны Алмалы ауданында — 5363 орын. Медеу ауданында 5102, Жетісу ауданында 3494 тұрақ бар. Алатау ауданында — 2637, Бостандықта — 787, Түрксібте — 290, Наурызбайда — 92, Әуезов ауданында 60 ақылы автотұрақ орны орналасқан.