Алматы әкімдігі жұмыртқаның бөлшек саудадағы белгіленген шекті бағасын 90 күнге ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлады inbusiness.kz "Ашық" НҚА сайтына сілтеме жасап.
Порталда "Алматы қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының рұқсат етілген бөлшек саудадағы шекті бағаларын бекіту туралы" қаулыға өзгеріс енгізілгені жазылған.
"I санатты тауық жұмыртқасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қатарында. Оның рұқсат етілген бөлшек саудадағы шекті бағасы күнтізбе бойынша 90 күн мерзімге он данасы - 487 теңге мөлшерінде бекітілсін. "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, кейіннен мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялануын және интернет-ресурста орналастырылуын қамтамасыз етсін. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, 31 наурызда осы баға 30 күн мерзімге бекітіліп, қаулы қабылданған болатын.