Алматыда "Әлем барысы" басталды

1220

 Төртінші рет өтетін бәсекеге 30 елден 33 балуан қатысады. 

Алматыда "Әлем барысы" басталды

Алматыдағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған Қазақ күресінен абсолюттік "Әлем барысы" әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінен көрсетіліп жатқан чемпионаттың дәл қазіргі уақытта жеребе тарту рәсімі өтіп жатыр. Төртінші рет өтетін бәсекеге 30 елден 33 балуан қатысады. "Әлем барысы" атануға АҚШ, Аустралия, Әзербайжан, Бразилия, Грекия, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Нидерланды, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения,Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Эстония, Япония секілді елдердің және Қазақстанның атақты балуандары келген.

Бұл сында еліміздің намысын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), М.Исағабылов (Қызылорда облысы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сынды балуандар қорғайды.

Чемпионат Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын дамыту, шет елдерде қазақ күресін дамыту барысындағы ынтымақтастық пен өзара байланысын нығайту, қазақ күресін халықаралық деңгейде одан әрі жетілдіру, насихаттау және беделін көтеру, қазақ күресінен "Әлем барысын" анықтау үшін өткізіледі.

"Әлем барысы" чемпионатының биылғы жүлде қоры 20 миллион теңге. Жеңімпаз атанған балуанға 10 млн теңге және алтын белбеу, екінші орын иегеріне 6 млн теңге және үшінші орын иегеріне 3 млн теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Ал, "Жеңіске деген жігері үшін" атанған спортшыға 1 млн теңге беріледі. Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу