Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы алаңында жаңа форматтағы CYCLE FEST спорттық-музыкалық фестивалі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба Қазақстанда алғаш рет сайклингті, жанды музыканы, жарық технологияларын және иммерсивті шоу элементтерін біріктірді.
Фестиваль көктемнің жарқын қалалық оқиғаларының біріне айналып, жүздеген қатысушы мен көрерменді жинады. Іс-шара барысында аренада бір мезетте 300 адам сайкл-тренажерларда синхронды жаттығу орындап, ауқымды перформанстың бір бөлігі болды.
Неон жарықтары, визуалды инсталляциялар, динамикалық музыка және жанды қойылымдар ерекше атмосфера қалыптастырды. Қатысушылар музыка мен жарық эффектілері аясында арнайы жаттығу бағдарламасын орындады.
Фестиваль сахнасында ZAQ, Bonapart және Abyken Performance Show өнер көрсетті. Сонымен қатар қонақтарға арналған интерактивті аймақтар, спорттық белсенділіктер, би қойылымдары мен көрсетілім бағдарламалары ұйымдастырылды.
Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлерінің арнайы дайындық пен қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетуі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, CYCLE FEST спортты, музыканы, технологияны және заманауи урбан мәдениетті біріктіретін жаңа жоба ретінде белсенді өмір салтын насихаттауға және Қазақстандағы бұқаралық спорттық іс-шаралардың заманауи форматтарын дамытуға бағытталған.